Петропавл қаласының әкімдігі Ашық есік күнін өткізді. Қала тұрғындары шаһар басшысы Серік Мұхамедиев пен мемлекеттік органдардың жетекшілеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын жолдауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қалалықтардың дені тұрғын үй мәселелерімен жүгінді. Серік Мұхамедиевтің айтуынша, биыл Петропавлда 445 пәтер жалға берілмекші.
Әсіресе биыл сүрілуі тиіс үйлерге қатысты сұрақтар көп болды. Белгілі болғандай, сүрілетін үйдің иелерінде баспана олардың мүлкі екенін дәлелдейтін құжаттары жоқ. Осыған байланысты Серік Мұхамедиев жер қатынастары бөлімінің мамандарына мәселемен егжей-тегжейлі танысуға тапсырма берді.
— Қазір аталған учаскелерді алу рәсімі жүріп жатыр. Қаулыда жерлерді әкімдік меншігіне қайтару көзделген. Барлығы заңды түрде болуы тиіс, — деді Серік Мұхамедиев.
Ашық есік күнінде облыс орталығының 30-дан астам тұрғыны өз мәселелерімен қала әкіміне жүгінді.