Қызылжар төрінде «Qyzyljar investment forum – 2024» инвестициялық форумы өтті

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Петропавлда «Qyzyljar investment forum – 2024» инвестициялық форумы өтті. Басқосуға бейінді министрлік қызметкерлері, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылғы, құрылыс саласының өкілдері, шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер  жиналды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Шара өңірдің өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс компанияларының көрмесінен басталды. Келген меймандар Қызылжарда бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп, нарықта өз орнын иеленген компаниялардың жұмысымен танысып, өнімдеріне өз бағасын берді. Көрмеде ұсынылған кәсіпорындардың арасында санаулы жаңа атауды айтпағанда басым бөлігі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орындары.

Кейін форум жұмысы жалпы отырыста жалғасын тапты. Шараны ашқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

— Соңғы үш жылдың ішінде өңірге 2,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Былтыр тікелей шетел инвестициясының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өсіп, 282 млн. долларға жетті. Бүгінде өңір экономикасының 15 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Былтыр өндіріс көлемі 1,4 млрд. долларды құрады. Мұның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Бүгінде облысқа құйылған инвестицияның 40 пайызы ауылшаруашылығына бағытталып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Елде қолданысқа берілетін әр екінші сүт-тауарлы ферма солтүстікте ашылады. Бүгінде біздің алдымызда аграрлы экономикадан аграрлы-индустриалды экономикаға көшу міндеті тұр. Өңірдің инвесторлармен серіктестік әлеуеті жоғары. Сіздерді бірлескен әр салада бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, — деді СҚО облыс әкімі.

Соңғы 3 жылда өңірге шетелдік 15 компания келген. Бұл ретте 2019 жылы құрылған «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының инвесторларға берері мол.  Қазіргі таңда 4 ірі компания өз жұмысын бастап кеткен. Тағы 16 компания жалпы құны 632 млн. доллар болатын жобаларды жүзеге асыруда. Нәтижесінде аймақта 3 мың жұмыс орны пайда болмақ.  Соңғы үш жылда құрылыс көлемі де артып, 70 пайызға өскен. Облыс орталығының жаңа бас жоспарының аясында жаңа нысандар бой көтеріп, ескі ғимараттар жөндеу көреді.

Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов  өңірге инвестиция тартудың соңғы жылдары айтарлықтай артқанын атап өтті. Өткен жылы өңірдегі негізгі капиталға құйылған қаржы көлемі 17 пайызға өскен. Абзал Әлиұлы инвесторлар үшін елде қолайлы жағдай жасалғанын, салықтық жеңілдіктер мен серіктестіктің оңтайлы жолдары туралы айтты. Мұндай жеңілдіктер Қызылжардағы АЭА-та да қарастырылған. Осы күні елде инфестициялық хаб пен 14 экономикалық, 41 индустриалды аймақ бар екен. Сұрақ-жауап барысында вице-министр ең тиімді инвестиция, балалардың біліміне жұмсалған қаржы екенін айтып, М.Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегенін сөзін еске салды.

Форумға қатысқан италиялық «Prosol» компаниясының өкілі Сырым Абылғазиев өңірде ашылатын өндіріс орнының жоспарын таныстырды.

— «Prosol» компаниясы биотехнологиялық терең өңдеумен айналысады. Зауыт солтүстік Италиядағы Милан қаласының маңында орналасқан. Қазіргі таңда Қытай және Америка нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Өндірісті кеңейту үшін «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында зауыт құрылысын қолға алдық. Онда белсенді жем-азықтық ашытқы өндіріледі. Солтүстік Қазақстан логистикалық жағынан өте тиімді аймақ. Әлемде биотехнология арқылы мал азығының қоспаларын шығаратын 4 зауыт қана бар. Өзім осы сала маманы болғандықтан келешекте мұндағы зауытты да осы қатарға қосқым келеді, — деді Сырым Абылғазиев.

Соңғы бірнеше жылдары Ресейден келіп жатқан өндіріс орындары да көп. Солардың бірі «Бейкертон» серіктестігі. Компанияның көрші елде түрлі тағам өнімдерін шығаратын 3 зауыты бар. Қызылжарда салынатын зауытта ұзақ сақталатын нан өнімдері мен донаттар(пончик) өндіріледі. Сол сияқты «Уралкран» компаниясы да арнайы экономикалық аймақта өндіріс орнын ашқалы жатыр. Онда жүк көтеру крандары құрастырылып, сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтін болады. Ал «Qilu agro» серіктестігі трактор құрастыруды қолға алмақ.

Форум қорытындысы ретінде қала әкімдігі, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы өкілдері мен инвесторлар арасында меморандумдарға қол қойылды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz