СҚО-да 110 адам ағза ауыстыруға мұқтаж, оның 1-еуі – мектеп оқушысы екен, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы ел көлемінде 230-дан астам орган трансплантациясы жасалды. Оның 15 пайызы қайтыс болған адамның ағзасынан алынған.
Облыстық трансплантация үйлестірушісі Әділхан Қабдуовтың айтуынша өңірде ағза ауыстыруға кезекте тұрғандардың дені бүйрекке мұқтаж. Олардың саны 100-ге жуықтап отыр.
– Қаламызда 2 донорлық стационар бар. Әрқайсысында бас-ми өлімін анықтайтын комиссия құрылған. Оның құрамына реаниматолог, невропатолог, нейрохирург және бас дәрігердің орынбасары кіреді. Орган донорлығына рұқсат алу үшін науқастың туыстарының келісімі қажет. Келісім болған жағдайда донорлық процесс басталады. Бірақ, көбінесе қайтыс болған адамның жақындары ағзаны ауыстыруға келіспей жатады, — дейді СҚО бойынша трансплантация үйлестірушісі Әділхан Қабдуов.
Бүгіндері транспланттау отасы еліміздің 6 қаласында жасалады.