Петропавлдағы жедел медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері 30 жастағы қала тұрғыныНЫң өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Естеріңізге салсақ, ақпанның 13-і күні Ғ.Мүсірепов көшесінде әкімшілік ғимараттың бірінші қабаты өртке оранған болатын. Оқиға орнына құтқарушылармен бірге жедел жәрдем қызметінің мамандары да барды. Ақхалатты абзал жандар өртсөндірушілер оқиға орнынан шығарған азаматтың өмірі үшін күресті.
– Фельдшерлер Вадим Добычин, Данияр Калимов және жүргізуші Рустам Құдайбергеновтардың бригадасы клиникалық өлім жағдайында болған азаматты құтқарды. Мамандар BLS және ACLS стандарттары бойынша реанимациялық шараларды бастады. Жүрек-өкпе реанимациясының алты циклінен кейін жүрек қызметін қалыпқа келтірді. Ер адам желдеткіш және дәрі-дәрмекпен қолдау жағдайында көпсалалы қалалық аурухананың реанимация бөліміне жатқызылды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, ол бейінді бөлімшеге ауыстырылды, — дейді СҚО жедел медициналық жәрдем орталығының директоры Юрий Белоног.