Мамлют ауданының орталығы — Мамлютка қаласында 62 жастағы ер адам мас күйде ұйықтап қалып, оны үсік шалған. Оны тәртіп сақшылары жаяу патрульдеу барысында екі пәтерлі үйді тексеру кезінде тауып алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Сенбіден жексенбіге қараған түні маскүнем ретінде есепте тұрған ер адамды полиция қызметкерлері тексермек болып, үйіне барған. Пеші жағылмаған үйде бүрісіп жатқан оған дереу жедел жәрдем шақырылды. Дәрігерлер ер адамның аяқ-қолының үсігенін анықтады.
— Жаяу патрульдеу күн сайын жүргізіледі. Тәртіп сақшылары есепке алынған тұрғындарды – алкогольді ішімдікті қолданып, үсіп қалу қаупі бар адамдарды, сондай-ақ жалғыз тұратын зейнеткерлер мен қиын өмір жағдайындағы отбасыларды тексереді. Жұмыс құқықтық тәртіпті сақтау және адамдардың қауіпсіздігін нығайту үшін жүргізіліп жатыр, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Петр Климов.