Жыл басталғалы «Amanat» партиясының облыстық филиалына өңір тұрғындарынан түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша 800-ге өтініш түсті. Басым бөлігі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Amanat» партиясының облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаңтар айынан бастап түскен 800-ге жуық өтініштің 49 пайызы оң шешімін тапты.
– Негізінен жалғызілікті зейнеткерлер көмек сұрайды. Сондай-ақ, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру (10%), құжаттандыру және тіркеу (9%), кәсіпкерлік (8,8%), жұмысқа орналастыру және еңбек дауларын шешу (8,5%), тұрғын үй және жер учаскелерін бөлу (5,7%) секілді мәселелер де алаңдатады, – дейді «Amanat» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанова.
Партия мүшелерінің сөзінше, биыл солтүстікқазақстандықтар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына қатысты мәселелерді көптеп көтеріп жатыр. Барлық өтініштердің 36 пайызы бұл салаға тиесілі екен. Соңғы уақытта қардың уақытылы шығарылмауына байланысты көптеген сауалдар жолданды.
– Барлық сұрақтарды депутаттармен және партия мүшелерімен бірге шешеміз. Мәселен, Есіл ауданында тұратын азаматтан қатты желдің салдарынан тұрғын үйдің шатыры ұшып кетіп, төбені жөндеу бойынша өтініш келіп түсті. Құрылыс материалын сатып алуға жергілікті кәсіпкер жәрдемдесті. Ал Мамлют ауданында мәслихат депутаты 7 бала тәрбиелеп отырған қоныс аударушыны жұмысқа орналастырды. Сондай-ақ үйінің пешін де жөндеп берді. Жақында «мүгедек» және «көпбалалы отбасы» санатындағы 2 отбасы материалдық көмекке жүгінді. Оларға «Болашақ» филиалының мүшелері көмек қолын созып, азық-түлікпен қамтамасыз етті, – деді «Amanat» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанова.