СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қалалық Мәдениет үйінде өңір тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кездесуде бірінші болып сөз алған қала әкімі Серік Мұхамедиев баяндама жасап, облыс орталығында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
-Өткен жылы Петропавлда 191 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. 2022 жылмен салыстырғанда өсім 0,8 пайызды құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 257,9 млрд. теңгені құрады. 2022 жылмен салыстырғанда 15,4 пайыз өсім бар. Сондай-ақ 2022 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 63,5 млрд. теңге болса, былтыр 68,7 млрд. теңгеге жетті, өсім 8,2 пайыз, — деді Серік Мұхамедиев.
Қала басшысының айтуынша, Петропавлда қазіргі уақытта 11 бюджеттік, 14 коммерциялық үйдің құрылысы жүруде.
Кейін сөз алған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде атқарылған істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.