Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Уәлиханов ауданында болып, Кішкенекөл, Жасқайрат және Қайрат ауылдарына барды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қайрат ауылында өткен кездесуде тұрғындар жол мен мектептерді жөндеу, сумен қамту және электр желілерінің тозуы сынды өзекті мәселелерді көтерді. Өңір басшысы барлық сұрақтарды бақылауға алып, жауапты мемлекеттік органдарға оларды шешуге тапсырмалар берді.
Ғауез Нұрмұхамбетов Ақжар және Уәлиханов аудандарының әкімдері мен басқарма басшылары, серіктестік директорларының қатысуымен жедел кеңес өткізді. Жиында көктемгі су тасқынына дайындықты, Уәлиханов ауданындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде жемшөптің жетіспеушілігін қарастырды.
Жемшөппен қамтамасыз етудің жоспары жасалды. Ауыл тұрғындарын шөп пен сабанмен қамту туралы шешім қабылданды. Өңір басшысы көмек қолын созған шаруаларға аудан тұрғындарының атынан алғыс білдірді.