СҚО-да «Солтүстік – 2024» облыстық қысқы спорт ойындары өз мәресіне жетті. Биыл спартакиада Қызылжар ауданының орталығы Бескөлде өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Солтүстік – 2024» қысқы ойындарына облыстың 13 ауданынан спортшылар қатысты. Олар спорттың 8 түрінен сынға түсті.
Естеріңізге салсақ, спартакиада аясында ақпанның 16-сы мен 18-і күндері аралығында Петропавлда керлинг, конькимен жүгіруден, рик-бенди, президенттік көпсайыс пен шайбалы хоккей сайыстар ұйымдастырылды.
– Футзал мен хоккейден финалдық жарыстар Бескөлде өтті. Демалыс күндері командалар арасында жеңімпаздар анықталды. Жалпыкомандалық есепте Қызылжар ауданы жеңіс тұғырына көтерілді. Ғ.Мүсірепов атындағы аудан екінші орынға табан тіреді. Үздік үштікті шалақындықтар қорытындылады, — дейді СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Жеңімпаз атанған командаға 500, екінші орын үшін 300 және қола жүлдеге қол жеткізген ауданға 200 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Келер жылы «Солтүстік – 2025» қысқы спорт түрлері ойындары спартакиадасы Ақжар ауданында өтетінін атап өткен жөн.