Тұрғын үйдегі апаттың салдарынан солтүстікқазақстандықтың денесінің 22 пайызын күйік шалды.
Оқиға Айыртау ауданына қарасты Горькое ауылындағы жер үйлердің бірінде орын алған, деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жергілікті Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің хабарлауыша, үй иелері газ баллонын қолданған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Осының кесірінен, өрт шыққан. Екінші-үшінші дәрежелі күйік алған баспана иесі ауруханаға жеткізілді.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихиннің айтуынша, азаматтың жағдайы — орташа. Сонымен қатар, маман жылыту маусымы басталғалы бері облыс аумағында 195 өрт оқиғасы тіркелгенін айтты. Өкінішке қарай, тілсіз жаудан 12 адам қаза тапты, төртеуі түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.