«AMANAT» партиясы СҚО филиалында су тасқыны кезеңіне дайындық барысы талқыланды. Жиында белгілі болғандай, 87 елді мекенге су басу қауіпі төніп тұр. Ол ауылдарда шамамен 5 мыңнан астам адам тұрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, облыста су тасқынына төтеп беру үшін арнайы топ құрылды. Оның құрамына ТЖД, полиция департаменті және Ұлттық ұлан қызметкерлері бар. Жалпы 134 техника мен 472 адам дайын.
– Қазір департаментте халықты эвакуациялауға арналған 10 жоғары өтімді техника, 6 жол талғамайтын көліктер, 7 жүзу құралы, 78 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм мен 21 дана шатыр дайын тұр. Сондай-ақ 242 эвакуациялық пункт дайындалды, — деді Дмитрий Растихин.
Оның айтуынша, аудан әкімдіктерімен арнайы келісімшарт жасалған. Соның негізінде олар азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды дайындайды. Сондай-ақ, отырыста дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Бүгіндері облыс әкімдігі аэровизуалды тексеруге және және халықты эвакуациялауға 135 миллион теңге бөлген. Айыртау, Ғ. Мүсірепов, Уәлиханов аудандарындағы өзен учаскелерінде кептелістерді болдырмау үшін жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 11 миллион теңге қарастырылған.
«Қазгидромет» мамандарының мәліметіне сүйенсек, қар жамылғысындағы су қоры 147 мм жеткен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көп. Жыл басынан елді мекендерден 1 миллион текше метрден астам қар шығарылған. Сондай-ақ, бүгінде 468 кентішілік су өткізу құбыры мен 8,6 км болатын каналдар мен арықтар тазартылып жатыр.