Мамлют және Шал ақын аудандарының болашақ көлік жүргізушілері теориялық емтиханды тапсыру үшін Петропавлға баруға мәжбүр

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Өңірдің аудандарында болашақ көлік жүргізушілеріне теориялық емтихан тапсыруға жағдай жасалмаған. Бұл мәселені облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесіне  Мамлют және Шал ақын ауданындағы автомектеп директорлары  жолдапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.

— Мамлютка және Сергеевка қалаларындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық бөлімшелерінде емтихан сыныптары жоқ.   Сондықтан жүргізушілікке  үміткерлер теорияны тапсыру үшін облыс орталығына келуге мәжбүр. Бұл  аудан тұрғындары үшін өте ыңғайсыз және қосымша шығын.  Егер емтиханды тапсыра алмаса, қайтадан баруға тиіс.  Мысалы, Жамбыл ауданында теориялық емтихан тапсыруға болады. Тиісті заңнамада  емтихан сыныптарын ашу мүмкіндігі қарастырылған.  Ал мына жағдай мемлекеттік қызметтің  тең көрсетілмейтінін және  еліміздің   «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 3-бабының ережелері бұзылғанын дәлелдейді, –  деді  облыстық  кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев.

Бір сөзбен айтқанда, қызмет алушыларға теориялық емтихан тапсыруға тең жағдай жасалмаған, тұрғылықты жеріне байланысты кемсітушілік бар, аталған  мемлекеттік қызмет  үнемсіз және тиімсіз көрсетіледі. Сонымен қатар  e-gov порталы арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына  немесе жұмыс істеп тұрған аудандық бөлімдерге теориялық емтихан тапсыруға электронды өтінішті  тек Петропавл қаласы бойынша беруге болады.  Яғни, емтихан сыныбы бар Жамбыл ауданының тұрғындары  e-gov арқылы өтініш беру, кезекке тұру,  белгілі бір уақытты брондау  үшін облыс орталығына  келуі тиіс.  Себебі  e-gov порталында тестілеу орнын таңдаған кезде тек Петропавл қаласы ғана  көрсетілген.  Кеңес мүшелерінің айтуынша,  бұл жерде де мемлекеттік қызметті алуда айқын кедергі бар.

Автомектеп өкілдері теориялық емтиханды жергілікті жерде тапсыру мүмкіндігінің жоқтығынан оқуға және жүргізуші куәлігін алуға ниет білдірушілердің саны жыл сайын азайып бара жатқанын айтты.

— Емтихандарды қайда тапсыру керек деген сұрақ туындағанда, көптеген талапкерлер оқудан бірден бас тартады.  Өйткені  облыс орталығына шапқылауды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.  Емтихан тапсыруға өтініш беру,  оны тапсыру үшін такси жалдауы керек. Егер жүйеде ақау болса, сол күнгі уақыт та, қаржы да текке кетеді.  Мамлютка қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысына басқа аудандардағыдай емтихан сыныбын ашу туралы өтініш  айттым. Бірақ  ол «бірлік те, орын да жоқ»  деп  емтихан сыныбын ашудан    бас тартты. Жағдай емес, ниет жоқ деп ойлаймын, – деді Мамлют ауданындағы  «Автолидер» ЖШС-нің  директоры Андрей Шанаурин.

Ал Шал ақын ауданындағы жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығында мұндай емтихан сыныбы бар.  Бірақ орталық басшылығы автомектеп түлектерін Петропавлға емтихан тапсыруға жібереді екен. Кеңес отырысына қатысқан Халыққа қызмет көрсету орталығы облыстық филиалының фронт-офистерін үйлестіру бөлімінің басшысы Жасұлан Кариев бұл ақпаратты жоққа шығарды.

— Шал ақын ауданында теориялық емтихан  сыныбы  жұмыс істеп тұр. Арызданушы сол жерге жүгінген кезде республика бойынша үш сағат үзіліс болды.   Ал Мамлют ауданында  емтихан сыныптарын  ашу  шешімін  орталық аппараты қабылдайды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінен өңірлерде осындай сыныптар ашу туралы ұсыныс түскен соң, орталық аппаратқа тиісті хат жолдадық. Рұқсат берілсе, ашамыз, – дейді Жасұлан Кариев.

Алайда Шал ақын ауданындағы автомектептің басшысы коммерциялық емес акционерлік  қоғамы   өкілі жалған ақпарат беріп отырғанын  ашық айтты.

— Бір жылдан астам уақыт бойы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы жүргізушілікке үміткерлерден теориялық емтихан қабылдамай келеді.  Былтыр жүргізуші куәлігінен айырылғандарды ғана қабылдады, – деді «Отан» өндірістік оқыту орталығы» ЖШС директоры Марлен Мұқанов.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне көрсетілетін қызметті берушінің аудандық бөлімшелеріндегі емтихан сыныптарының талапқа сай жұмыс істеуі  бойынша жедел шаралар қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығы электрондық үкімет порталын, оның ішінде   аудандық бөлімдерде емтихан тапсыру үшін кезекті брондау мүмкіндігін жетілдіруге қатысты  шаралар қабылдауы тиіс.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz