СҚО-да шекараға жақын ауылдағы учаскелік полиция пункті жаңа үй-жайға көшті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы шекараға жақын Қарақоға ауылы – Қарақоға ауылдық округінің орталығы. Оның құрамына 3 ауыл кіреді, халық саны – 1984 адам. Оның ішіндегі 24 адам полицияда есепте тұр, оларды учаскелік полиция инспекторы жиі тексеріп тұрады.
Ауылдық округтегі тәртіпке жауапты учаскелік полиция пункті бұрын жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ғимаратында орналасқан еді. Бұл тұрғындарға ыңғайсыздық тудырған. Биыл аудандық әкімдіктің қаражатына салынған жаңа Мәдениет үйінің бірінші қабатында тәртіп сақшыларына арнайы бөлме бөлінді. Үй-жай жиһазбен, жұмыс істеуге арналған техникамен, қажетті байланыс құралдарымен жабдықталған.
– Бүгінгі полицияның жұмысы сервистік қызмет көрсетуге, қолжетімділікке және қоғаммен серіктестік іс-қимыл жасасуға негізделген. Полицияны материалдық-техникалық жағынан жабдықтау – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жанат Рахметов.