Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шарада Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алатыны жөнінде айтты.
Президент биылдан бастап Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіп жатқанына тоқталды. Наурызнамаға сәйкес, бүгін — елімізде Ынтымақ күні.
— Бірлік пен ынтымақ — еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз қажет. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін, — деді Мемлекет басшысы.