Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсылық Ғабдоллаұлы Ысқақов 92 жасқа толып отыр, деп жазады Qyzyljarnews.kz тілшісі әлеуметтік желідегі СҚО әкімінің жеке парақшасына сілтеме жасап.
СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев ақсақалдың үйінде болып, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан құттықтау хатын табыс етіп, туған күнімен құттықтай отыра, қарияға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық пен отбасылық береке тіледі.
Жақсылық Ғабдоллаұлының өмір жолы – еліміз бен өңіріміздің тарихымен үндесіп жатыр. Қазақстанның даму жолында аянбай еңбек етіп, мемлекеттігіміздің нығаюына бар күш-жігерін жұмсаған беделді тұлғаның бірі. Жақсылық Ысқақов ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне атсалысып, партия органдарында және мемлекеттік қызметте өзін білікті және білімді басшы ретінде танытты. Құрметті демалыста облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысына және өңірдің қоғамдық өміріне араласып жүр.