Алдағы демалыс күндері футболдан ел біріншілігінің 3-ші туры басталады. Жерлестеріміз кезекті ойынын Петропавлда өткізеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қызылжар» футбол клубының баспасөз қызметінің хабарлауынша, наурыздың 31-і күні жергілікті команда 3-ші турдың ойынын Петропавлдағы «Қарасай» стадионында өткізеді.
— Өткен жылы «Қарасай» стадионы жөндеу жұмыстарына жабылып, «Қызылжар» командасы үйдегі ойындарын «Жастар» стадионында өткізді. Биыл 3-ші турдың матчы клубтың басты алаңында өтеді деп жоспарланған. Кездесу сағат 14:00-де басталады. Қарсыластарымыз — қостанайлық «Тобыл» клубы, — дейді клубтың баспасөз хатшысы Марлен Аманов.
Әзірге, «Қызылжар» клубы турнир кестесінде 3 ұпаймен бесінші орында келе жатыр. Көш басында — «Тобыл» мен «Астана» командалары. Олардың еншілерінде 6 ұпайдан бар.