СҚО ТЖД-ның жасағы су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жіберілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Су тасқынын алдын-алуға бағытталған топтың құрамында өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің мамандары мен жедел-құтқару жасағының құтқарушылары бар. Мақсаты – адамдарды құтқару және эвакуациялау, кіші өзендерде мұз кесу, су тасқыны жағдайының мониторингі, осы табиғи құбылыс кезеңінде жағдай нашарлаған кезде халыққа өзге де көмек көрсету.
– Топ 2 бірлік техникамен, қайықпен, қазіргі байланыс құралдарымен жабдықталған. Құрамында – 13 маман. Құтқарушылар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка және Чистополье ауылдарында су айдындарын тексеруге және бөлімшелердің жауапкершілік аймақтарының бөлінген учаскелерінде жұмысты жоспарлауға кіріседі, — дейді баспасөз қызметінде.