Петропавлда бір тәуліктің ішінде еріген қар суы 12 үйге кірді. Салдарын жою мақсатында коммуналдық кәсіпорындар су сору жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ТЖД департаментінің мәліметінше, наурыздың 28-нен бері баспаналарға кірген 1 мың текше су сорылды.
– Су тасқынын болдырмау мақсатында облыс аумағында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда өңірдегі елді мекендердің көшелері мен аулаларынан 21 мың 972 текше су сорылып, қыс басталғалы 1 млн. 885 текше қар шығарылды, — дейді СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, «Ikomek» жедел әрекет ету орталығына бір тәуліктің ішінде қала тұрғындарынан 119 өтініш түсті. Еріген қар суы кірген баспаналарға дереу коммуналдық кәсіпорындардың бригадалары жөнелтілді.
– Қар суы жеке тұрғын үй секторында орналасқан 12 баспанаға кірді. Суды сору жұмыстарына 105 маман, 60 арнайы техника мен 40 мотопомпасы жұмылдырылды. Әлі жұмыстар жалғасуда, — дейді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.