Полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында түзеу мекемелерінен бостандыққа шыққандар мен қолайсыз отбасылар тексерілді. Нәтижесінде мерзімінен бұрын босатылғандар тарапынан әкімшілік қадағалау ережесін бұзудың 4 фактісі анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД ақпаратынша, тексеріс барысында отбасылық жанжалқойлармен қорғаныс ережелерін бұзудың 11 дерегі тіркелді. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Өткен сегіз күннің ішінде 221 солтүстікқазақстандық ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін жауапқа тартылды. 94 адам уақытша бейімдеу және интоксикация орталығына орналастырылды. Сондай-ақ көлікті мас күйде тізгіндеген 17 жүргізуші әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға басқару құқығынан айырылды, – деді СҚО ПД ЖПҚ басқарма бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Ал ювеналды полиция басқармасының қызметкерлері түнгі уақытта үйден тысқары жерде болған кәмелеттік жасқа толмаған 80 баланы анықтады. 21 жасқа толмаған адамдарға темекі сатқаны үшін алты кәсіпкер жауапкершілікке тартылды.