Өңірде екі облыстық және 13 аудандық маңызы бар жолды су шайып кетті. Қазір аталған учаскелерде кезекшілік ұйымдастырылып, арнайы белгілер қойылған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ТЖД мәліметінше, Петропавл қаласы мен барлық аудандарда жедел штабтар құрылып, құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік етуде.
Өткен тәуліктің ішінде елді мекендер аумағынан 34400 текше метрден астам су сорылды. 3600 метр арық тазартылды. 3580 дана қап дайындалып, оның 3270-і төселген. 2700 метр канал кеңейтіліп, тереңдетілді.
– Тайынша, Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы, Уәлиханов және Айыртау аудандарында СҚО ТЖД және Түркістан облысынан келген құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. 21 мотопомпа, 7 техника мен 114 адам іске жұмылдырылған. Олардың күшімен 900 дана қапшық дайындалып, 350 метр бөгет нығайтылды, – деп мәлімдеді СҚО ТЖД баспасөз қызметі.