Петропавлда күрес түрлерінен жасөспірімдер мен жастар арасында ел біріншілігі өтіп жатыр. Боз кілемде қыздар белдесіп, өз салмақтарында жүлдегерлерді анықтап үлгерді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Әйелдер күресінен 15 жасқа дейінгі бойжеткендер арасында жерлестеріміз 4 жүлделі орынға ие болды. 33 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Жасмин Сәрсембай қола жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір солтүстікқазақстандық Аружан Талғатбек 39 кг-да белдесіп, үшінші орын иегері атанды. Елизавета Лахтина да үшінші сатыға жайғасты. Ол 42 кг-да бақ сынады. Ал 69 кг-да Вероника Клюева күміс медальді еншіледі.
20 жасқа дейінгілер санатында жерлес бұрымдылар жарады. 57 кг-да Анна Стратан жеңіс тұғырына көтерілсе, 45 кг-да Жазира Налюбаева күмісті қанжығасына байлады.