Облыстағы шағын өзендердегі судың деңгейі төмендей бастады. «Қазгидромет» РМК СҚОФ мамандарының мәліметінше, су Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық өзендерінде саябырсыды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Дей тұрғанмен, Сергеев су қоймасынан жіберілген Есіл өзенінің суы әлі де қауіп төндіріп отыр. Синоптиктер тасқын су Есіл ауданына сәуірдің 14-і, ал Петропавлға осы айдың 12-сі күні жететінін алға тартуда. Сондай-ақ Қызылжар ауданында су тасқыны 21-і күні болады деп болжануда.
– Есіл өзенінің суы сәуірдің 12-сі мен 13-і күндері жетіп, қалалықтарды біраз әбігерге салады. Тасқынмен күрес сәуірдің 23-не дейін жалғаспақ, — дейді «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова.