Қазақстан Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында бірқатар тапсырмалар берді деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы әлеуметтік әлжуаз санатындағы азаматтардың үйді жалға алу төлемінің 50 пайызына субсидия төлеу жөніндегі бағдарламаны 1 мамырдан кешіктірмей іске қосуды тапсырды. «Жалға алынатын үйді субсидиялау осыдан бір жыл бұрын басталуы керек еді. Алайда дұрыс жұмыс істемеудің, әлде әдейі кедергі жасаудың салдарынан мыңдаған қазақстандықтар әлі күнге дейін қолдауды бұл түріне қол жеткізе алмауда»,-деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Үкіметке 1 мамырға дейін жер телімдерінің шекті мөлшерін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құруды және елімізден заңсыз шығарылған ақшаларды қайтару бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. «Үкіметке екі ай мерзім ішінде шет елдерге заңсыз шығарылған ақша қаражаттарын және онда сатып алған активтерді елімізге қайтару бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын»,-деді ол.
Жергілікті жерлердегі шағын және орта бизнесті дамыту туралы айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдерінің алдына әр 10 мың тұрғынға кем дегенде 100 жұмыс орнын ашу міндетін қойды. «Өңірлердегі жұмыстың алға басуы әкімдерге юайланысты екені даусыз мәселе. Көбінесе әкімдер кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп жатады. Бұл ащы болса да шындық. Кәсіпкерлер әкімнің соңынан жүгірмеуі керек. Ал керісінше, әкімдер инвестор тартуға мүдделі болуы тиіс»,- деп атап көрсетті Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына еліміздің экономикалық әлеуетін толық қалпына келтіру міндетін қойды. «Бұл өте маңызды міндет. Сондықтан оны біз басым бағыт деп бағалауымыз керек. Басты міндет – жоспарланған реформаларды жүзеге асыру және инфляцияны азайту. Бастысы, азаматтарымыздың табысын арттыру болып табылады(,- деді Қазақстан Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында.
Президент жаңа міндеттер жүктеді
453
алдыңғы жаңалық