Су тасқыны кезінде Петропавл тұрғындары тіршілік нәрінен ажыратылады. Әлеуметтік желіде желдей ескен хабарламаларға қатысты «Қызылжар су» ЖШС жауап берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қызылжар су» ЖШС-ның атқарушы директоры Арман Сауытовтың айтуынша, 2017 жылы су тасқыны уақытында бірде-бір үй сусыз қалмады. Биыл да табиғи келеңсіздіктер тұрғындардың уақытылы тіршілік нәрімен қамтылуына кедергі бола алмайды.
– Кәсіпорын аумағында бөгет бар. Тасқын су біздің жұмысымызға кедергі бола алмайды. Қазір түрлі мессенджерлерде су болмайды, су қорын жинап алыңдар деген ақпарат таралып жатқаны жасырын емес. Бұл мәліметтерді біз жоққа шығарамыз. Алаңдауға еш негіз жоқ. 2017 жылы біз бірінші сору станциясы маңындағы бөгетті салған едік. Биыл оны биіктетіп, нығайттық. Мамандарымыз күн сайын, тіпті сағат сайын судың сынамасын алып отырады, — дейді Арман Сауытов.