СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов үлкен судың ортасында қалған Прибрежное ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы қиын сәтте ауылдықтарға қолдау көрсетуді жөн көріп, су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетілетіні туралы айтты.
Ауылдықтар толғандырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.
Ауылда әкімдік тұрғындардан келтірілген шығынды өтеу туралы өтініштерді қабылдауды бастайды. Ол үшін эвакуациялау пунктінде Старлинк спутниктік интернет орнатылды.
– Ауыл изоляцияда болғандықтан, халықты қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет. Қызылжар ауданының әкіміне тұрғындарды қажетті заттармен қамтамасыз етуді және олардың өтініштеріне жедел ден қоюды тапсырдым, — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.