Өңірде күн жылынғалы жол сапасы тексеріліп жатыр. Нәтижесі көңіл көншітпейді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының мәліметінше, жол құрылысы маусымы басталғалы мамандар жөнделіп жатқан 13 нысанды ішінара таңдап, қолданылған материалдың және атқарылған жұмыстың сапасын тексерген. Республикалық маңызы бар бұл жолдарға орталық қызметкерлері 44 рет барып, бақылау жүргізген. Нәтижесінде 20 ақау анықталды. Олардың 19-ы бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп, кемшіліктер жойылды. Ал «Петропавл-Жезқазған» А-16 автожолына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Жолдың 905 километрінде асфальт-бетон жабыны жарылып, ойықтар пайда болған. Бұдан бөлек, қолданылған құрылыс материалдарына 97 сынама алынып, 12 пайызының талапқа сай еместігі анықталды.
Жалпы ұлттық орталық биыл облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 1 552,4 шақырымына, оның ішінде 235 километр кепілді учаскеге диагностика жүргізбек.