Полицей көлікті басқара алмай қалған жүргізушіге көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД мәліметінше, оқиға сәуірдің 11-і күні орын алды. Полиция аға лейтенанты Нұрбек Қайыров қалалық полиция басқармасына келе жатқанда К.Сүтішев пен М.Жұмабаев көшелерінің қиылысындағы бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде «Mitsubishi» маркілі көлік жүргізушісінің орнынан қозғалмай тұрғанына назар аударды. Тәртіп сақшысы көлікке жақындаған кезде рөлде отырған қыз балада эпилепсия белгісін байқады. Ол бірден алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
– Басының астына жастық пен өзінің сыртқы киімін қойып, өмірін құтқаруға бағытталған шаралар жасай бастадым. Жедел жәрдем бригадасы келген кезде қыз бала есін жиып үлгерді, – дейді Нұрбек Қайыров.