Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан 3,5 мыңға жуық баспана су астында қалды. Қазіргі уақытта олардың 196-сынан су кетті. Осыған орай дезинфекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Ұлттық сараптама орталығы» РМК «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығы» филиалы директорының міндетін атқарушы Жұлдызбек Жамантаевтың айтуынша, орталық мамандары 22 сәуірден бастап бұл жұмысқа кірісіп кетті. Дезинфекцияны 4 маманнан құралған бригада атқарады. Қазіргі уақытта олар Тайынша ауданында жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін мұндағы 21 үйдің 18-і зарарсыздандырылды.
Мамандар дезинфекция үшін құрамында хлоры бар кез келген — «Дезэконом», хлорамин, сульфохлорантин, Дезхлор, «ДП Алтай» сияқты препараттарды қолданады.
— Дезинфекциялық жұмыс су кеткен үйлерге жүргізіледі. Әзірге өңірде су тасқынының екінші толқыны жүріп жатыр. Сондықтан негізгі жұмыс алда, — дейді Жұлдызбек Жамантаев.
Бұған дейін СҚО-да «Қазақстан халқына» қорының 100 тұрғын үй салуға 10 млрд теңге бөліп, облыстық әкімдікпен меморандумға отырғанын айтқан едік.