Петропавлда полицейлер еріктілер туралы жалған ақпарат таратқан азаматты анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Петропавл қаласы полиция басқармасына «TikTok» әлеуметтік желісінде су тасқынынан зардап шеккендерге жіберілген гуманитарлық көмек түсірілімінің бейнесі жарияланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бейнежазба авторы еріктілер ұрлық жасаумен айналысады деп мәлімдеген. Тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, нәтижесінде ұрлық фактісі расталмады.
Полицейлер жарияланған бейнежазбаның авторын анықтап, ол облыс орталығының 41 жастағы тұрғыны болып шықты. Петропавлдық азамат смартфонына гуманитарлық көмекті түсіру сәтін бейнежазбаға түсіріп, еріктілерден жұмыстың мән-жайын, мерзімін және толық ақпаратты нақтыламастан бірден әлеуметтік желіге жариялағаны белгілі болды. Кейінірек қала тұрғыны бұл роликті өшіріп тастады. Қоғамдық тәртіпті бұзуға жағдай туғызатын тексерілмеген ақпаратты тарату фактісі бойынша жиналған материалдар сотқа жіберілді. Бүгінде құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.