Сергеев су қоймасындағы судың деңгейі бір тәуліктің ішінде 23 см-ге төмендеп, 275 см-ді құрады. Облыс орталығына тасқын судың екінші толқыны келіп, Петропавлдағы гидроторапта су 13 см-ге көтерілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК СҚОФ мәліметінше, тасқын судың екінші толқынының шарықтау шегі Есіл және Қызылжар ауданының бір бөлігінде өтті. Бүгіндері Есіл өзені суының деңгейі Петропавлда көтерілуде.
– Ресеймен шектесетін Долматово ауылы арқылы өтетін Есіл өзені суының деңгейі 7 см-ге көтерілді. Петропавлда екінші толқынның шарықтау шегі аптаның соңында болады деп күтілуде, — дейді мамандар.
СҚО ТЖД департаментінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, су тасқыны басталғалы су 3898 үйге кіріп, оның 196-нан су шығып үлгерді. Облыстағы эвакуациялық пунктерде 906 адам бар. Қазіргі уақытта қауіпсіз жерге көшірілген 14388 адамның 764-і баспаналарына оралды.