Соңғы төрт айдың ішінде ювеналдық полицейлер сағат 23:00-ден кейін көшеде қыдырып жүрген 235 кәмелетке толмаған жеткіншекті анықтады. 18 жасқа толмаған кейбір жасөспірімдер өздерінен әлдеқайда үлкен достарымен бірге аулаларда көңіл көтеріп, уақыт өткізеді. Мұндай басқосулар алкогольді ішімдіктерсіз өтпеуі де мүмкін, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Жыл басынан тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған балаларының спирттік ішімдік ішкені үшін 19 ата-ананы жауапкершілікке тартты.
–Ересектер кәмелетке толмаған балаларын түнгі уақытта көңіл көтеру орындарына жас шамасы жағынан үлкен ағаларымен, әпкелерімен, басқа туыстарымен бірге жібереді. Бұл — заңға қайшы. Олар заңды өкіл болып табылмайды, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің құрамындағы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Жанат Мұстафина.
Құқықтық сауаттылық жағынан осындай кемшіліктер орын алмас үшін тәртіп сақшылары мектептердің, колледждердің оқушыларымен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, ата-аналар жиналыстарына қатысады.