Петропавлда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтуде. Жарыс Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепте ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс чемпионатына 7 аудан мен қала мектептерінен 116 оқушы қатысып жатыр. Тоғызқұмалақтан СҚО командасының бас бапкері Мейрамбек Үтеновтің айтуынша, жарыста бақ сынайтындар блиц және классикалық санат бойынша мықтыны анықтайды.
— Жарыс 7 кезеңнен тұрады. Оған 9 бен 13 жас аралығындағы балалар қатысып жатыр. Блиц және классика түрлерінің барлық медаль жиынтығы 48-ді құрап отыр. Екі күннің ішінде жүлдегерлер анықталады, — дейді Мейрамбек Үтенов.
Жарыс қорытындысы бойынша облыс командасы жинақталып, жүлдегерлер өңір атынан республикалық чемпионатқа жолдама алады. Олар Талдықорғанда маусымның 20-сы мен 30-ы күндері аралығында өтетін ел біріншілігіне қатысатын болады.