СҚО-да пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған жазасынөтеуші 10-нан астам жазбаша ескерту алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Мамлют ауданының 40 жастағы тұрғыны жергілікті пробация қызметі бөлімінің есебінде бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы жазбаша ескертулері бар. Қызметкерлердің заңды талаптарын және сотпен жүктелген міндеттерді жүйелі түрде бұзғаны үшін сотқа жазаны ауыстыру туралы материалды жіберу шешімі қабылданды.
– Сотталған адам жүргізіліп жатқан профилактикалық және тәрбие жұмысына мән бермеді. Тиісінше, жазаны қоғамнан оқшауламай одан әрі өтеу жағдайында түзетуге және қайта тәрбиелеуге жатпады. Алдын алу мақсатында есепте тұрған басқа сотталғандар да ашық сот процесіне шақырылды. Сот қаулысымен бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның 2 жыл 8 ай 4 күн өтелмеген мерзімі сол мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылды,- деді Мамлют аудандық ПҚБ бастығы Алмагүл Сейітова.