Көлік министрі Марат Қарабаев автокөліктерді техникалық байқау процедурасының өзгеру себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
— Автокөлікті техникалық байқау процедурасы өзгереді, бірақ механизмі өзгеріссіз қалады. Өзгеріс техникалық байқауды «ҚазАвтоЖол» компаниясына берумен қатысты емес, біз қабылдайтын нормативтік құжаттарға байланысты. Заң 10 мамырда Мәжілістің жалпы отырысының екінші оқылымында қабылданды. Бақылау қызметкерлері барлық жабдықтың бар-жоғын тексеріп, рұқсат береді. Бізде 900-ге жуық орталық бар, олар қайта біліктіліктен өтеді. Бұл көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отыр, — деді Мәжіліс алаңында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Марат Қарабаев.
Сондай-ақ министрге автокөлікті техникалық байқау құны қымбаттауы мүмкін бе деген сауал қойылды.
— Бұл – еркін нарық. Техникалық байқаудағы технологиялар бөлігі өзгермейді, яғни, орталықтар үшін қосымша талаптар қойылмайды. Егер оларда бұрын жабдық болмаса, демек олар заңсыз жұмыс істеп келді деген сөз, — дейді ведомство басшысы.