Петропавл қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері Гонконг университеттерінің гранттарын иеленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Назарбаев зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы оқу жылының түлектері Мадина Нұрмұқанова мен Дарина Бекеноваға Гонконг университетінен шақырту түсті. Енді олар «Ғылым бакалавры» мамандығында тегін оқи алады. Ал 12-сынып оқушысы Дәурен Контаевқа «City University of Hong Kong» жоғары оқу орны грант ұсынды. Жас талапкер «Computer Science» мамандығында білім алуды жоспарлап отыр.
– Түлектердің бұл жетістігі – олардың тынымсыз еңбегі мен табандылығының арқасы. Мектеп оқушылары түрлі білім және ғылым сайыстарына ғана емес, басқа да жобаларға белсенді қатысып, өз дағдыларын дамытып, жоғары академиялық нәтижелерге қол жеткізді. Енді университеттер балалардың оқу жылының соңында тапсырған халықаралық емтихандарының нәтижелеріне қарап, оларға шартсыз ұсыныстарын жолдайтын болады. «Тhe University of Hong Kong» жоғары оқу орны «QS World University Rankings» рейтингінде 26-орында, ал «City University of Hong Kong» осы тізімде 70-орында тұр, – делінген баспасөз таратқан мәліметте.