Өңірде «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды. Осыған орай облыстыҚ төтенше жағдайлар қызметі жер сілкінісі кезінде адамдарды эвакуациялау, апат болған аймақтарға көмекті тасымалдау, тізімге алу және жарақат алғандарға алғашқы медициналық жәрдем беру әрекетін екі күн бойы Аққайың ауданында пысықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында арнайы мамандар алдымен теміржол платформасында тактикалық-арнайы тиеу жұмыстарын жүргізді. Себебі төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ресурстар мен техниканы жедел жұмылдыру және осы бағытта мамандарды даярлау – оқу-жаттығуда қамтылу керек негізгі міндеттердің бірі.
– Сейсмикалық жаттығудың негізгі мақсаты – халықты төтенше жағдайға дайындау және оқыту, жалпы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Оқу-жаттығу кезінде облыстан Алматы қаласына арнайы күш пен керек-жарақ жөнелтілмек. Қазір тактикалық тиеу жұмыстарынан бөлек, деректерді пысықтау да басты назарда. Апат болған өңірлерге арнайы көмекті жіберуге сақадай сай болуымыз керек, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.
Республикалық оқу-жаттығу үшін 52 адам мен 25 техникадан тұратын 14 арнайы топ құрылған. Олардың қатарындағы инженерлік қызмет, байланыс, электр, транспорт, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары кез-келген жағдайға дайын. Яғни қандай да бір елді мекенде жер сілкінісі болса, аталған мамандар жедел көмекке барады.
Жалпы республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар еліміздің Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында өтуде.