Белгісіз біреу Петропавл қаласы тұрғынының атынан микроқаржы ұйымынан 50 мың теңге көлемінде шағын несие рәсімдеген. Ал, жәбірленуші әйел болса, бұл жайында тек қарыз берушілер хабарласқанда ғана бір-ақ білген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында бұл қылмысқа 34 жастағы ер адамның қатысы бары анықталды. Ол өз кінәсін мойындады. Петропавлдық ауруханалардың бірінің жанынан өтіп бара жатып, жерден медициналық анықтама тауып алған. Онда сан соғып қалған нәзікжандының жеке деректері жазылған.
«-Күдіктінің айтуынша қаржылық қиындықтар көрген. Сондықтан, анықтама иесінің атына онлайн-займ рәсімдемекші болыпты. Бастапқыда жігіттің бұл әрекетінен түк шықпаған, қаржы ұйымдары өтінішін қабылдамаған. Дегенмен, ақыр соңында 34 жастағы петропавлдық көздегеніне жетті»,- дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Көп жағдайда тұрғындар банкоматтан ақша алғанда немесе басқа да қаржы операцияларын жүзеге асырғаннанқап кейін түбіртектерін дәл сол жерде қалдырып кетеді. Алайда, бұл өте қауіпті екенін естен шығармаған абзал. Өйткені ол қағаздарда азаматтардың жеке деректері мен телефон нөмірлері әрі жасалған соңғы аударым жайлы ақпарат сақталады.
-Деректерге ие болған алаяқ тұрғындарға қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Осылайша, соңғы жасалған операцияларды айтып, адамдардың сеніміне кіріп, арам ойын іске асырады. Сондықтан, түбіртектерді лақтыра салмай, жыртып тастау керек, не өзіңмен бірге алып кеткен жөн,-дейді тәртіп сақшылары.