Жеңіл ақша таппақ болған жасөспірім 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенге жұмыс істеп келген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Қаладағы колледждердің бірінде оқитын 17 жастағы жасөспірімді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылдың қараша айында ұстады. Тінту кезінде жеткіншектен 50 гр. болатын аса ірі көлемдегі «α-PvP» есірткісі тәркіленді.
Сәуір айында үкім шығарылған кезде ол 18 жасқа толмаған болатын. Осыны ескере отырып, сот жазаны қысқарту туралы шешім шығарды. Соған қарамастан, қылмыскер жастық шағының 5 жылын бас бостандығынан айыру орындарында өткізеді.
— Өткен жылы осындай жолмен оңай олжаға кенелуді жоспарлаған кәмелетке толмаған бес жасөспірім ұсталды. Аса ірі көлемде есірткі өткізу үшін заңнамамен 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Үмбетов.