Оларды тінту барысында ұрланған заттар табылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Жасұлан Балдиков Бөкетов көшесіндегі үйінен шыға бере, екі жас жігітті байқап қалған. Пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен іздеуде жүрген адамдарға ұқсатқандықтан, әріптестеріне жедел хабарлап, өзі оларды ұстамақ болған. Бірақ күдіктілер қарсылық танытып, қашып кетпек болған. Оқиға орнына криминалдық полиция қызметкерлері жетіп, күдіктілер ұсталды.
Оларды полиция бөліміне жеткізіп үлгермей жатып, Сәтпаев көшесінде орналасқан үйлердің бірінен ақша және басқа да құнды заттар ұрланды деген хабар түсті. Тергеу барысында ұсталған екі адамның осы ұрлыққа қатысы дәлелденді.
Күдіктілердің екеуі де бұрын сотталған, 32 және 24 жасар Көкшетау қаласының тұрғындары. Петропавлға бірер күн бұрын таксимен келген. Иелерінің жоқтығын пайдаланып, пәтерлерді торыған.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Билік өкіліне қатысты күш қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандар қамауға алынды, тергеу жүргізілуде., деді полицияның баспасөз қызметі.