Ақан сері атындағы облыстық филармонияның «Мәңгілік» би ансамблі Болгария елінде өткен халықаралық фестивальде бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Витоша тауының етегінде орналасқан София қаласындағы мәдени іс-шаралар күнтізбесі аясында өткен ХХVIII халықаралық фестивальде Қазақстан, Боливия, Үндістан, Италия, Албания, Мексика, Молдова, Грузия, Солтүстік Македония мен Болгария елінің шығармашылық ұжымдары бақ сынады. Хореография, костюм дизайны, жұптық және ұжымдық орындау шеберлігі бойынша бағаланған өнерпаздар бұл сайысқа жоғары дайындықпен қатысқан. Әсіресе, Грузия, Мексика мен Молдовиядан барған кәсіби ұжымдармен бір сахнада өнер көрсету біздің жерлестерімізге оңай болмады. Десе де ел намысын қорғаған «Мәңгілік» би ансамблі аталмыш фестивальде топ жарып, жүзден жүйрік атанды. Жеңімпаздар арнайы аталымдар бойынша марапатталды.
– Фестиваль аясында София қаласы басшылығының ресми қабылдауы өтіп, қатысушылардың құрметіне қалалық алаңда мерекелік шеру ұйымдастырылды. Сондай-ақ әр елден барған өнерпаздардың достық құрметіне ағаш отырғызылып, сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі өтті. «Мәңгілік» би ансамблі тамыз айының 2-не дейін Болгарияның Мездра, Кюстендил, Пловдив сынды бірқатар қалаларында өтетін төрт фестивальге қатысады, – деді Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетова.