Үкіметтің қаулысымен Айжан Есмағамбетова еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі — бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болып тағайындалды. Бұл жайында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айжан Есмағамбетова 1972-жылы Алматы облысында туған. 1997-жылы Алматы мемлекеттік медицина университетін, Қазақстан медицина университетін (Қоғамдық денсаулық сақтау Жоғары мектебі), Алматы менеджмент университетін бітірген.
Еңбек жолын 1990-жылы Алматы қаласындағы №7 емханада фельдшер-зертханашы болып бастаған.
1997-2004-жылдары республикалық санитарлық эпидемиологиялық станциясының аса қауіпті инфекциялар бөлімінде дәрігер-эпидемиолог, дәрігер-бактериолог, зертхана меңгерушісі болып қызмет еткен.
2004-2014-жылдары ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің құрылымында түрлі лауазымдарды атқарған.
Ал 2014-жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары; Одан кейін 3 жыл бойы ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы; 2017-жылы ДСМ Стратегиялық даму және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры; 2017-ден 2020-жылға дейін Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры болып еңбек етті.
2020-жылы ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 2020-жылғы қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Естеріңізге сала кетсек, бұл қызметті жарты жылға жуық уақыт қана атқарған Ерлан Қиясов Үкіметтің қаулысымен қызметінен босатылды.