«Құлагер» хоккей командасы Александр Винокуров атындағы спорт сарайының мұз айдынында өткен демалыс күндері алғашқы кездесулерін өткізді.
Петропавл қаласына алматылық хоккейшілер келді. Кездесу басталар алдында шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының басталуымен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев өңір басшысының атынан хоккейшілер мен көрермендерді құттықтады.
-Солтүстік Қазақстан шын мәнінде спорты дамыған өңір болып саналады. Біздің волейболдан ерлер және әйелдер командалары, баскетболшыларымыз, «Қызылжар арландары» клубының балуандары көптеген жылдар бойы еліміздіегі мықты спортшылар қатарында екендігін дәлелдеп жүр. Біздің хоккей командамыздың құрамы биыл айтарлықтай толықты. Клубтың басшылығы мен жаттықтырушылар құрамы өзгерді. Қаламыздағы жанкүйерлер командадан жақсы, нәтижелі ойындар күтеді,- деп Қанат Дүзелбаев құлагерліктерге табыс тіледі.
«Құлагер» командасы бірінші кездесуде алматылықтарға 2:3 есебімен есе жіберсе, келесі ойында қарымта қайтарып, 6:3 ірі есебімен ұтты.