Облыстық балалар ауруханасында қабылдау бөлмесі мен жаңартылған шұғыл хирургия орталығы ашылды. Бұл жұмыстарға «Сәби» қайырымдылық қоры 335 миллион теңге бөлген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жаңартылған қабылдау бөлмесі мен ота жасау блогы қайырымдылық қорының осымен 4-жобасы. Аталған ұйымның міндеті өңірлердегі медицина сапасын жақсартуға бағытталған. Бұған дейін «Сәби» қоры Алматы, Семей, Ақтау қалаларында жаңартылған шұғыл хирургия бөлімін ашты. Петропавлдағы жұмыстар өткен жылдың қыркүйек айында басталған-ды. Мамандар осы аптада жөнделген блокта пациенттерді қабылдауды жоспарлап отыр. Бөлімде 130 мың балаға қызмет көрсетілетін болады. Жалпы, жыл сайын 3 мыңға жуық ота жасалмақ.
— Бөлімшелер халықаралық стандарттарға сәйкес келетін құрылғылармен толықтай жабдықталған. Әрі медициналық техниканың соңғы нұсқасы бойынша жасалды. Бөлмелерде оттегі ағыны, температура, ылғалдылық реттеледі,-дейді облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Геннадий Беляев.
«Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетованың айтуынша, қазіргі уақытта шұғыл хирургия маңызды рөл атқарады. Уақытылы көрсетілген медициналық көмек пациенттің денсаулығын сақтап қалуға септеседі.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов шұғыл хирургия бөлімшесін жөндеуге қаржы бөліп, жаңа заманауи аппаратпен қамтамасыз еткені үшін «Сәби» қайырымдылық қорының президенті мен жоба демеушілеріне алғысын білдірді.
— Өкінішке қарай, әзірге мемлекеттік қаражат жетіспейді. Бірақ, сіздерден денсаулық сақтау саласындағы мәселемізді шешуге біршама көмектесіп жүрсіздер. «Сәби» қайырымдылық қоры бүкіл Қазақстанда медицина, білім, спорт салалары бойынша елеулі жұмыстар атқаруда. Сол үшін сіздерге көптен көп рахметімізді айтамыз,-деді өңір жетекшісі.
Құмар Ақсақалов өз сөзінде бірнеше күннен кейін балалар ауруханасында жаңа томография аппараты іске қосылатынын айтты. Жалпы, биыл медициналық мекеменің жөндеуіне 134 миллион теңге бөлінген.