Петропавлда жазғы каникул кезінде жұмыс істейтін студенттер жасағы құрылып жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оған облыс орталығындағы оқу орындарының студенттері тартылады. Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, жасаққа қосылу үшін алдымен жұмыспен қамту орталығынан жолдама алу қажет. Ол үшін жеке куәлік, оқу орнынан анықтама, 18-ге толмаған жағдайда ата-анасының келісімі шарт.
Бүгінгі таңда Петропавлда бюджеттік 23 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса 18 коммерциялық баспана салынуда. Студенттер сол жерлерде еңбек етпек.
Қала әкімдігі берген мәліметке сәйкес, былтыр 48 студент жұмысқа тұрған. 10-11 сыныпта оқитын 18 оқушы уақытша қоғамдық жұмысқа тартылған.