Ақан сері атындағы облыстық филармонияда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты хореографиялық қойылым көрсетілді.
Шарада филармонияның «Туған жер» би ансамблінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Бұл қойылымның ерекшелігі – өнерпаздар оқиғаны, кейіпкерлердің ішкі сезімдерін би арқылы суреттейді. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пластикалық спектаклінің режиссерлері — Самат Жұмажанов пен Максим Тонков. Қос ғашықтың сезімін, қойылымның сюжетін, кейіпкерлердің арпалысын би арқылы көрерменге жеткізуге тырысқан өнерпаздар сахнада түрлі іс-қимылдарды көрсетті.
– Мұндай хореографиялық бағыттағы қойылымдарды көрермендер қызыға тамашалайды. Жуырда филармония өзінің 60-шы маусымын бастады. Алдағы көктемге дейін көрермендерді қуанту аясында түрлі шығармашылық кештер, ән шерулерін өткізуді көздеп отырмыз. Жаңа туындыларды жарыққа шығару да жоспарлануда, – дейді Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетова.
Ермек ЖҰМА,
«Soltustik Qazaqstan».