Соңғы уақытта мектеп оқушылары арасында өз өзіне қол жұмсау деректері көбейіп отыр. Осыған байланысты 23-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектебінде ата-аналар жиналысы өтуде.
Жиналыста ата-аналардың бала өміріндегі, сондай-ақ онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі туралы сөз қозғалуда. Баланың мінез-құлқын бақылау, әлеуметтік желілердегі белсенділік мониторингі, құрдастарымен қарым-қатынасты үйлестіруге қатысты ұсыныстар берілді.
Бала қауіпсіздігі ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуы тиіс. Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру – бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар. Сонымен қатар, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу де маңызды. Ата-аналардың міндеті тек баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, сонымен қатар өз перзентімен оны әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін білдіретін сенімді қарым-қатынас қалыптастыру.
Биылғы оқу жылынан бастап мектептерде апта сайын «Қауіпсіздік сабақтары» өтуде. Сондай-ақ балалар мен ата-аналар және педагогтер үшін психологиялық, құқықтық және әдістемелік кеңес алуға болатын психологиялық қолдау орталықтары ашылды.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы