Қазақстан футболының жарық жұлдызы Самат Смақов пен Давид Лория Петропавлға ат басын бұрып, Солтүстік Қазақстан облыстық футбол федерациясы өкілдерімен- жаттықтырушылар және спортшылармен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері таратқан ақпаратқа сай, меймандар қазақстандық футболдың қазіргі жағдайы туралы баяндады. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерді баулу басты мәселе екеніне назар аударды.
-Давид Лорияның айтуынша, орталықта да, аймақтарда да балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту мәселесіне ден қойған жөн. Біліктілікті арттыру, жаттықтырушыларды оқыту, спорттық инфрақұрылымдардың жағдайын жақсарту керек. Бірінші кезекте балалар мен жасөспірімдер жаттығатын халықаралық стандарттарға сай келетін стадиондар салу мәселесін көтерді, деп хабарлады спорт басқармасының өкілдері.