ЭЛЕВАТОРЛАР АЛДЫНДАҒЫ ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕК

Авторы: Qyzyljar News

        Биыл Солтүстік Қазақстан облысында егін бітік шықты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан өңір диқандары 6,2 миллион тоннадан астам бидай жинады. Орташа есеппен әр гектардан 18,6 центнерден астық бастырды. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш  болып саналады.Мәселен, Ақмола облысында егістік алқаптың көлемі 4,7 миллион гектар, одан 6,6 миллион тонна астық бастырылған. Гектар берекелігі Ақмола және Қостанай облыстарында 14 центнер болды. Қостанайлықтар 5, 973 миллион тонна астық бастырған. Жалпы алғанда биыл Қазақстанның диқандары 16,7 миллион гектар егістік алқаптан 26,5 миллион тонна астық алды, гектар берекелігі 16 центнер болды.

Солтүстікқазақстандық диқандар үшін күзгі науқан оңайға соқпады. Жаз бойы толассыз жауған жауын ризығын жерден теретін шаруаларды әбігерге салды. Осыған қарамастан өңір шаруалары мол өнім жинады. Ендігі мәселе оны кептіру қажет. Ал шаруалар болса элеватор таппай дал.

– Жауын көп болды. Бидай бітік шықты, бірақ оның ылғалдылығы жоғары, ал элеваторларда орын аз. Қазір кей шаруалар жинаған өнімдерін шағын астық қабылдау орындарына апарып жатыр. Ал оны кептірмесе, ертең бүлінеді. Мәселе шешілмесе ертең жаппай шығынға батуымыз мүмкін, — дейді шаруа Раиль Мендеев.

Облыста жалпы сыйымдылығы 3,2 миллион тонна болатын 46 элеватор жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек шағын астық қабылдау орындары тағы бар. Алайда диқандар жинаған өнімдерін элеваторларға өткізе алмай жүр. Себебі кәсіпорындардың дені толған.

– Элеватор қазір бидайға толып тұр. Сол себепті оны қабылдауға мүмкіндік жоқ бізде. Бидайдың сапасы төртінші және бесінші сыныпқа жатады. Үшінші  сынып өте аз. Ұзын-сонар кезекке бола қиыншылықтар туындап отыр. Элеватор өте баяу жұмыс істеп жатыр. Өйткені жаңағы ылғалды бидай көп тапсырылуда. Соған байланысты элеватордың жұмыс істеу уақыты  ұзартылып жатыр, — дейді элеватор бастығы Нұржан Дәуітов.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасындағы мамандар аталған мәселеден хабардар және ол жақын күндері тұрақталады деп отыр.

 Қазір фермерлердің көбі элеваторларға жаппай астық әкеліп жатыр. Ал дақылдарды толық тексеріп алу үшін уақыт қажет. Сондықтан бірер күнде жағдай дұрысталады. Жалпы орақ науқанын сапалы аяқтау үшін арнайы штаб құрылған. Бүгінге күнге дейін өңірдегі элеваторлар жаңа астықтың 1,5 миллион тоннасын қабылдап үлгерді ,- деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары  басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Сүлейменов.

Шаруалардың жаз бойы төккен тері мен еселі еңбегі зая кетпейді. Сала мамандары оған жол бермейміз деп сендірді.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz