Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан біртуар тұлғалардың мерейтойына орай көрме ашылды. Мерекелік іс-шараға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары, мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мерекелік жиынды «Қуанамын» студиясының мың бұралған қыздары «Нәзік сезім» биімен ашты. Алғашқылардың бірі болып тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ақмарал Ибраеваға сөз берілді.
-Еліміз дана, кемел тұлғаларға бай. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан жерінен қаншама танымал азаматтардың шыққанын баршамыз білеміз. Биыл түркітанушы, публицист Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толады. Ғалымның мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілмек. Осындай ерекше көрменің тарихи-өлкетану музейінде ашылғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта көрмені біздің университеттің корпусына қоямыз десеңіздер, есігіміз әрдайым айқара ашық,-деді Ақмарал Ибраева.
Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толады. Көркем сөздің хас шебері Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы да биыл тойланады. Одан бөлек, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовтің туғанына 105 жыл толады.
«Шоқтығы биік есімдер» көрмесінде жоғарыда аталған талант иелерінің өздері мен отбасыларының фотосуреттері, құжаттары және ақын-жазушылардың қаламынан туған құнды жәдігерлер қойылған. Сөреге шығарылған дүниелердің ішінде Ғабит Мүсіреповтің қолданған жеке заттары да бар. Әсіресе, жерлесіміздің бала күніндегі ер-тоқымы бірден көзге түсіп, ерекше назар аудартады.
Сонымен қатар, экскурсияда ғарыш кеңістігін бағындырған, биыл туғанына 95 жыл толатын Владимир Шаталов жайлы тың деректермен танысуға болады. Ұлт мақтаныштарының өмірі мен шығармашылығымен жақынырақ танысу үшін көрме жыл бойы жұмыс істейді.