ЗӘУЛІМ ЕМХАНА ДӘРІГЕРГЕ ЗӘРУ

Авторы: Qyzyljar News

            Жыл басында «Береке» шағынауданында ашылған жаңа емхана тұрғындараға зор қуаныш сыйлады. Қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған медициналық нысан бүгінде толық қуатында жұмыс істемейді. Он бес мың тұрғыны бар шағынаудандағы жаңа емхананың жарым-жартылай қызметіне көпшіліктің көңілі толмайды. Сонда әлеуметтік нысан қашан толыққанды жұмысын бастамақ?

Емхана пайдалануға берілген уақытта бұл нысан сұранысқа сай қызмет көрсетіп, мұнда білікті мамандар жұмыс істейтіні жарияға жар салынды. Емхананың бір мезетте 250 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар екені айтылды. Алайда медициналық орталық тиісті межеден көріне алмай, тұрғындар тарапынан сын айтылуда.
Берекелік тұрғындар бейінді мамандардың тапшылығына байланысты №2 қалалық емханаға қарасты П.Васильев пен Қ.Сәтпаев көшелеріндегі медициналық ұйымдарда отыратын дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Кейде зертханалық талдауларды Интернационал мен Радищев көшесіндегі бөлімшелерде тапсырады. Осылайша қаланың әр қиырында орналасқан медициналық ұйымдарды жағалап, амалдауда. Бұл аурумен арпалысқандар түгілі, сау адамды әуре-сарсаңға салады. Сондықтан шет аудан тұрғындары әбден қажыды. Тұрғындардың айтуынша, емхана әкімшілігінен мән-жайды сұрағанда, мамандардың жоғын айтып ақталатын көрінеді. Түсіністік танытып, бос тұрған орындарға дәрігерлердің келгенін күтулері қажет. Аумағы ат шаптырым осындай заманауи, озық құралдармен жабдықталған нысанда бейінді мамандардың болмауы ақылға қонымсыз жағдай ғой. Сонда берекелік тұрғындар қашанға дейін осылай сандалып жүрмек?

– Емханаға барған сайын жүйке жұқаратын болды. Бейінді дәрігерлерді қолыңа шам алып іздесең де таппайсың. Ол үшін №2 қалалық емханаға қарасты қаладағы басқа медициналық ұйымдарға бару керек. Екі ортада осылай сандалып жүрміз. Онда «Берекеде» осындай кешен не үшін салынды? Онсыз да денсаулығымызды жақсарта алмай жүргенде бұл жерде ауруға ауру жамап алатын болдық. Мұнда көбінесе терапевт дәрігерлер мен балалардың денсаулығына жауапты педиатр мамандар қабылдау жүргізеді, – деп күйінді қала тұрғыны Қайыржан Қараев.

Аталмыш емхананың бас дәрігері Ермек Қуанышқызының айтуынша, бұл нысанның толыққанды жұмыс істеуі үшін жалпы 120 жұмыс орны қарастырылған. Бірақ бүгінде бар-жоғы 40 дәрігер ғана қызмет етеді. Штаттық құрамның толық жасақталмау себебінен медициналық қызмет көрсету үрдісіне кері әсерін тигізіп отыр. Тіпті медициналық кешеннің құрылысына қатысты кейбір ұсақ-түйек шаруалардың бітпеуіне байланысты емхана әлі күнге дейін тиісті органдардың балансына да алынбаған.

– Біздің басты міндетіміз – тұрғындарға барынша сапалы және жедел медициналық көмек көрсету. Қазіргі кадр тапшылығына қарамастан, әрбір дәрігер мен қызметкер өз мүмкіндігінше жұмыс істеп, тұрғындарға көмек көрсетуге дайын. Алайда, емхананың толыққанды жұмыс істеуі үшін қосымша мамандар қажет екені анық және бұл мәселені шешу үшін тиісті органдардан қолдау күтеміз, – деп түсіндірді бас дәрігер.

Қазіргі таңда мекемеде тек алғашқы көмек көрсету және жалпы дәрігерлік кабинеттер ғана жұмыс істеп тұр. Ал бейінді дәрігерлердің кабинеттері жабық. Дәл осы жайт жоғарыда аталған мәселелерді тудыруда. Тұрғындардың алаңдауы да орынды.

– «Береке» шағын ауданының тұрғыны ретінде жаңа емхананың ашылғанына алғашында қатты қуанған едік. Медициналық қызметтің қолжетімді болуы, әсіресе жасы үлкен адамдар мен балалар үшін маңызды. Бірақ өкінішке қарай, емхананың қазіргі жағдайы біз күткен деңгейде емес. Біз әлі күнге дейін басқа бөлімшелерге барып, кезекте тұруға мәжбүрміз. Мұнда бірқатар кабинеттер шектеулі уақыт қана жұмыс істейтіні де көңілге кірбін түсіреді. Кейбірі мүлде жабық тұр. Мысалы қан талдамасын тапсыру үшін таңғы жетіде кезекке тұрамыз. Себебі тек таңғы 9-ға дейін ғана қабылдайды. Кейде қан тапсыруға да үлгермей қаламыз. «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» дегендей кейбір қызметкерлер науқастарға дауыс көтереді. Бізге қолжетімді медициналық көмек толық көлемде көрсетілуі үшін жергілікті билік пен денсаулық сақтау басқармасынан осы мәселені шешуді сұраймыз, – дейді Юлия Рязанцева.

Осылайша мамандардың жетіспеушілігі қызмет көрсету сапасына кері әсерін тигізуде. Бұл тек тұрғындарға ғана емес, штаттағы қызметкерлерге де қосымша жүктеме болуда. Сондықтан бұл мәселеге облыстық денсаулық сақтау басқармасы атүсті қарамауы тиіс. Жергілікті билік те кадр тапшылығын жоюға ықпал етсе, жақсы болар еді.
Жалпы, «Берекедегі» емхананы тек осы шағын ауданда ғана емес, Петропавл қаласы бойынша денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды нысанға айналдыруға мүмкіндік бар. Бұл емхана жоғары деңгейлі қызмет көрсету арқылы қаладағы медициналық инфрақұрылым мен тұрғындардың денсаулығын жақсартуға зор үлес қосар еді. Алайда, кадр бәрін шешеді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz